Нұрасыл Зиядабек

269

«Қабылдау» стадиясы

Әңгіме

Клинтон өзін қанша сенімді ұстағысы келсе де, сырт келбетінен-ақ қобалжығаны көрініп тұр.Бұған секемшіл жүрек қояр емес. Кофесін қайта-қайта ұрттап, артқа қайырған ұзын шаштарын қайта-қайта тарап, Альберт мырзаның алдына келді.Басында жұмсақ, сыпайы сөйлесті:

— Альберт мырза, санаулы минуттардан соң Геб мырзаның өзі де келеді, барлығы дайын ба?

— Иә, әрине Клинтон мырза, барлығы сақадай сай тұр. — Клинтон қырыс қабағы ашылып, көңілдене бастады:

— Бұл жиынға қол жеткізгеніме өзім де әлі сене алар емеспін. Көресің әлі, осы жиналыстан кейін бәсекелестерді жоқ деп ойлай бер.  Нарықта біздің компания ғана суырылып алға шығады. Кеше ғана көзге шыққан сүйелдей болған Дугластардың компаниясы жынын алдырған бақсыдай әлі-ақ алдыма жалбарынып келетін болады! — деп Клинтон бүгін шын ықыласымен бірінші рет рақаттана күлді. Одан соң Альберттен компанияның жұмыскерлерін ерте қайтарғанын, олар туралы ақпараттың барлығын — аты-жөні, мекенжайы, үйдегі жағдайы, қан талдау нәтижелері,қан тобы, тіпті саусақ іздерін алған-алмағандығы жөнінде сұрады.

— Бізде барлық деректер бар. Жұмыскерлердің барлығын ерте қайтардым, көріп тұрғаныңыздай Клинтон мырза ғимаратта бізден басқа жан баласы жоқ. Тек жиналыс өтетін жерді еден жуушыға тағы бір тазалап шығуын бұйырдым.

— Не дедің? — деді Клинтон. Қаралы хабарды естігендей жүзі дереу суып кетті.

— Альберт сенің есің дұрыс па?

— Мен жай ғана... — деп бағанадан бері нық, сенімді сөйлеп тұрған Альберт енді аяқ астынан мыңқ етіп, сасып қалды.

— Мен саған барлық жұмыскерлерді қайтар деп бұйырдым емес пе? — Клинтонның даусы үдейе түсті.

— Қорықпаңыз, мен Кайл туралы бәрін білемін ол жай ғана еден жуушы ғой!

— Сайтан алғыр, Альберт, мен бұл кездесу үшін қандай тозақтан өткенімді білесің бе? Қазір бізге жаһандық деңгейдегі мәселелерді шешіп жүрген кемел адам келсе, сонда сенің айтпағың не, күллі әлемнен жасырған құпия жиналыстың қақ ортасында сайтан алғыр еден жуушыңның кіріп келетінін айтқың келіп тұр ма?!

Альберт мұғалімінен сөгіс алған оқушыдай үнсіз қалды.

— Болды енді. Тым кеш. Жарайсың, Альберт. Енді тек құдайыңа сыйына бер! — деп Клинтон кофесінің соңғы ұрттамын ішті де, қоқыс жәшігіне қағаз стақанды тұла бойын кернеген бар ашу-ызасымен лақтырып жіберді. Альберт зәуі келсе еден жуушыға жағдайды тез арада дұрыстайын деген ниетпен хабарласып еді, бірақ ол тұтқаны көтерген жоқ.

Бүгін орталық Батлер 1 және 2 көшелері уақытша жабылған. Басқалары тек болжай алады, ал әншейінде тіршіліктің маздаған оты жанған кішігірім Остин аумағы — меңірейген өлі мекенге айналуының сырын бұл күні тек Альберт пен Клинтон мырзалар ғана білуі керек еді.

Ашқарақша ауаны жұтынып, тынысы тарылған, жоқ жөтелге қақалып, тепшіп-терлеп Клинтон басты залға да жетті. «Қалай білем, қандай екен,не дер екен? — деген үрей мен қызығушылық сезімінің арпалысына кірді. Бірақ Геб мырзаны бірден таныды. Қиынға соқпады. Жылы жүзді, келбетті екен. Үстіне құйып қойғандай әдемі қоңыр костюм, ішіне қырмызы галстук таққан. Иығына түскен шашын қолмен бір сипап, жылы шыраймен бұған амандасты:

— Өте қуаныштымын, Клинтон мырза. Сіздің тарапыңыздан жасалған еңбекті жоғары бағалаймыз!

— О не дегеніңіз, Геб мырза! Керісінше мен ең бақытты жанмын, сіз сияқты дара тұлғаларға кішігірім көмек бере алғаным мен үшін үлкен мәртебе!

Бұл ойлағаннан жақсы араласып кетті. Оның үстіне Геб мырзаның да тірі жанға қатты ықпал ететін, баурап алатын бойындағы бір тылсым күш бардай, әр айтылған сөзі, ешқандай кідіріссіз, мүдірмей тыңдаушыға жеткенде «ахх недеген парасатты адам еді» деген ойда қалдырушы еді. Клинтонды магнитше тартып барады, оның жанында күні кеше кездескен ежелгі танысындай сезінсе де кеудесін бәрібір бір күмән жайлады. Дегенмен бұл жерде оның асқан кемелдігі күдік білдіруіне жалғыз себеп  те болған жоқ. Ол сондай жұмбақ адам еді, әрі өмірі де жұмбақ. Конференция залында ұзыннан созылған қоңыр үстелде Геб мырза мен Клинтон мырзадан бөлек он адам отырды. Клинтон көзінің астымен бұларды бір сүзіп шықты. Ешқайсысын танымады, бірақ бір анығы олардың өзге ұлттан, біріне-бірі ұқсамас басқа нәсілдерден екені айдан анық көрініп тұр. Басым көпшілігі төргі жақта — еуропалықтар, одан ары азиялыққа келетін екеуі және үстелдің сол жақ түстік бетінде афроамерикандықтар да бар екен. Жиналыс өзін көп күттірген жоқ, ортаға әдеміше костюм киген, көзілдірікті профессор шықты да таныстырылымын бастады:

— Құрметті мырзалар, кезекті жиналысымызды бастамас бұрын, осы жиынды өткізуге атсалысқан жақтастарымызды атап өтуді жөн көрдік. Алдыңғы жолы NAC және Tech moment IT компаниялары қолдау білдірсе, бұл жолы осы мүмкіндікті бізге SAR компаниясының бас директоры Клинтон Манчестер сыйлап отыр!

Ду қол шапалақ соғылды.

— Енді жиналысымыздың негізгі мәселесіне келсек. Күн тәртібіне қойылған басты жоспарлар:

1. GAD (біржыныстылыққа байланысты)

2. «Жасыл зона» (есірткіні заңдастыруға байланысты)

3. «ЭБО» (жұқпалы ауруларға байланысты)

4. «TMO» (азық-түлік қоспаларына байланысты)

5. «Штрих-34» (екпеге байланысты)

— «Жасыл зона» жоспары бойынша Канада, Аргентина, Мексика, Чехия және Швейцария мемлекеттерімен келісімге келдік. Бірақ Геб мырза... бізде бір қиындық туындап тұр... таяу шығыс елдері... «біржыныстылыққа» әлі көнбей отыр.

— Көнеді, уайымдама, көнбей қайда барады?! — деді Геб мырза.

— ТМО бойынша пайыздық үлесті 8,2%ға арттырдық, ал «Штрих-34» бағдарламасы бойынша нәтижеміз алдыңғы жылмен салыстырғанда 11,4%-ға артқан. Және басты жетістігіміз, Геб мырза, «ЭБО» эксперименттік кадрлар белгіленген функцияны ойдағыдай атқарып келе жатыр. Айналдырған екі апта көлемінде біздің нәтиже 8168 адам, Сенесіз бе, 8168?!

Ол осы сөзді риясыз күлкіге бөленген жас балаша қуанып, аса бір ризашылықпен айтты. Қуанышын жасырғысы да келген жоқ. Ал Геб мырза қарсы тұстан келген эмоцияға эмоциямен қайыра жауап берген жоқ, күнде естіп жүрген хабарындай салқынқанды, байыпты қабылдады. Клинтон үнсіз, профессордың қосқан таныстырылымына мөлие қарап қалған, іштей ғана таңданған, «Ахх солай екен-ау, солай екен» деумен ғана отыр. Осынау “таңдамалы” адамдардың қатарында отырғанына әлі сене алар емес, оны қойшы, қасында, бір адымдық жерде Геб мырзаның өзі отыр емес пе?! Қай жақсылығым үшін мені дәл осы орынға жайғастырып, маған тәтті тағдыр сыйлаған екен, Жаратқан?!» деп ойлады. Ендігі тұста профессор жоспарға сай алдағы нарықтық экономиканың болжамдарын, валютаның курстық жағдайын егжей-тегжейіне дейін баяндай бастады. Клинтонға керек тұсы да осы еді. Қойын дәптерін ашып жаза бастады.

 Кенет есік қақ айрылып, ішке күтпеген адам енді. Барлығының назарын аудара қойған жоқ,тек өз жұмысын істегісі келетін секілді, қолына сыпыртқы қыстырған. Клинтон Кайлды көрген кезде талып қала жаздады. Жемтігін көрген аш жыртқыштай құзыры жүрсе дәл қазір-ақ бұған бас салар еді,  — жиналысты бұзуды жөн көрмеді. Сөйтіп атарға оғы жоқ дәрменсіздің күйін кешкендей үстел үстінде тыпыршып, саябыр таппады. Кайл мырза болса үлкен залдың бұрыш-бұрышын тазалап, еден жууға кірісті. Геб мырза іште бейтаныс біреудің жүргенін бірден сезді, арада он минут өткен соң профессордың сызбаларына үңілуді доғарып:

— Профессор, ренжімесеңіз, маған өткендегі Франк дәрігердің жобасын баяндаңызшы?!

— Хмм, әрине Геб мырза, дәрігер Франктың жасаған эксперименті сәтті аяқталды деп айта аламыз.Оның қолынан келді. Бақылауға алынған 2 және 3 тұқымдас қояндар ұрықсыздандырылды.Яғни үшінші кезеңде қояндар мүлдем тұқымсыз болды.

— Өте жақсы, профессор. Ендеше жақын маңдағы елді мекендерге дәрілік препараттарды тез арада жөнелтіңіздер!Алдымен отбасы жоқ, үй-тұрақсыз дала кезген қу қаңғыбастардан бастаңыздар!

Осы сәтте Кайлдың сыпыртқысы еденге тарс ете түсті. Бәрінің назары Кайл мырзаға ауды.

— Немене?! — деді Кайл мырза көзі бақырайған кейіпте.

— Ол осында болмауы тиіс еді. Кайл мырза кетеді, солай ғой. Кайл? — деп абыржып Клинтон орнынан тұра бастады.

— Әуре болмаңыз, Клинтон мырза. Кайл мырза біздің қонақ емес пе, ал қонақтың қалауы әрқашан орындалуы тиіс... Сонымен. Кайл мырза, дұрыс атадым ғой? Білесіз бе, сіз залға кірген мезеттен бастап мен сізді мұқият бақыладым, неміс философы Шопенгауэрды естуіңіз бар ма? Айтпағым, сол Шопенгауэр адам баласының сыртқы физиологиялық бітімі, қимыл-қозғалысы, әдеттері – оның ой-санасыныңкөрінісі деген болатын. Әрине, барлығында емес. Дегенмен басым көпшілік жағдайда бұл расымен солай. Бірақ сол басым көпшіліктің қатарына сіздің кірмейтініңізгебүгін  меніңкөзім жетті.

— Түрі жақсыдан түңілме деген! Мен әрине жиналысты абайсызда тыңдап қалғаным үшін кешірім сұраймын, бірақ  түсінсем бұйырмасын, сіздер кімсіздер?

— Ахх, қандай әдепсіз едім! Құдай үшін кешіре көріңіз,өзімізді таныстырып та үлгермеппін ғой!

Геб мырза бірден өзінің отырған орнына жайғасып, қолына қалам ала сала бір жапырақ қағазды шимайлай бастады. Оның оюдай қиылған әдемі жазуының дыбысы ағаш үстелімен бірге қабаттаса кетті. Содан соң ол әңгімесін Кайл  мүлде күтпеген сұрақтан бастады:

— Кайл мырза, сіз құдайға сенесіз бе?

— Ау? — деп аңтарылып үлгерді Кайл.

— Сенушілердің қатарынансыз ба? Мүмкін христиан, ислам әлде… будда?

— Мұсылманмын. Альхамдулиллаһ, мұсылманмын...

— Керемет! Қандай жақсы болған,атеистерді суқаным сүйе бермейді.  Тым ішпыстырарлық адамдар. Сенушілер мен олардың  арасында қандай айырмашылық барын білесіз бе? Адамзатты талай ғасырлар бойы нәрестедей пәк ұмтылыстардан ұлы дүниелерді жасауға дейін сүйрейтін сенім мен үміт атты ғажап күш бар. Міне мәселенің бәрі осында.

 Геб мырза қызу әңгімеге кіріскенде Клинтон көзінің қиығымен бір жапырақ қағаздың алғашқы жолын оқып үлгерген еді. Онда «шок және теріске шығару» деп жазылған.

— Біз сізбен Кайл мырза, мінсіз «жер» деп аталатын ғажап планетада өмір сүреміз. Қайталап айтамын мінсіз планета! Бұл жердегі тіршілік тек табиғат күштерінің бірегей  үйлесімінің арқасында жүзеге асады. Күн энергиясы мұқым тіршілік көзін нәрлендіреді, айналаны жарығымен тұмшалайды. Ауа-райы жүйелері тұщы суды бүкіл әлем бойынша жылжытады. Ал мықты теңіз толқындары өмірлік маңызды қоректік заттарды таратады. Адамның ақыл-парасаты жетпейтін ғажап құбылыс. Осыдан Кайл мырза, ұлы күшке сену басталады, солай емес пе?

— Сонда, сіздер,  кім болдыңыздар? — Кайл әуелгі сұрағын қайталады.

— Біз Кайл мырза, қасиетті жер ананың нәзік жүйесін мансұқ етіп, қайтіп бас көтертпестей бейшара халге душар қылған адаматты жауыз тіршілік иелерін реттестірушіміз. Сендердің құтқарушыларыңбыз, қысқаша айтсақ. Қазіргі кезеңде жер бетіндегі адам санына жауап береміз.

Кайл бетінен қаны қашып, өң бойынан құйқа терісі шымырлап кетті:

— Мүмкін емес! Бірақ қалайша?! Сонда сіздер… әлгі жұрт айтатын… «массонсыздар» ма?

Ғимараттың іші қарқылдаған қызу күлкіден қайта тірілгендей жарылып кете жаздады.Тек Геб мырза ғана күлмеді, жылы жымиыспен сөзін жалғап кетті:

— Массондарды тек адамдардың көңілін бұру үшін, шатастыру үшін ғана ойлап шығарған, — деді Геб мырза ойлы жүзіменжұдырығын иегіне қарай апарып. — Бірақ расымен бір кездері ең күшті ұжым болған, жиырмасыншы ғасырдың басы массон ұйымы үшін алтын ғасыр болған еді... Біз жасап жатқан іс, біз мойынға алған жауапкершілік сендер айтып жүрген «массондардан» әлдеқайда биік тұр.

— Халық санын реттеу тек бір Құдайдың қолында ғой, оған сіздердің қандай хақыларыңыз бар?!

Бұл уақытта әңгімеге Клинтон мырза араласқысы келген еді, бірақ Геб мырза оған «қажет емес» деген емеуріндей қолын бір сілтеді.

— Кайл мырза, айтыңызшы сіз исламға неліктен сенесіз?

— Қасиеттікітабы үшін, бізді өмірде адастырмағаны үшін, жаратқанның соңғы пайғамбары үшін. Айта берсем себептер көп.

— Бірақ көктен қасиетті кітаптың түсу үрдісі ғылыми тұрғыдан ешбір дәлелденбейді.

— Ғылым нақты фактілерге сүйенген жүйе ғой, бірақ ғылымның да діннен басқа дәлелдей алмайтын құбылыстары бар. Мысалы, түс көру процесін ғылым толық дәлелдей алмайды.

— Неге дәлелдей алмайды? Дәлелдейді. Түс сіздің күні бойы жинаған эмоцияңызға байланысты болады. Бұны Зигмунд Фрейд өзінің психоанализінде атап өтеді емес пе?

— Дегенмен дәл сол Фрейд сол түсті адамның неліктен көретінін дәлелдей алмаған, яғни оның мағынасын да ашып бере алмады. Ғылым үшін бұл әлі жұмбақ құбылыс.

— Ал мораль,  адамгершілік құндылықтар ше? Оны дін жекеменшік етіп ала  алмайды ғой?!

— Иә дінсіз де адамгершілік бар, бірақ дін ішінде де моральдың барын жоққа шығара алмаймыз.

— Жарайды Кайл мырза, ал енді өзімізге көшейік. Біріккен ұлттар ұйымының халықты қоныстандыру есебі бойынша 2050 жылы жер халқының саны тоғыз миллиард адамды құрамақ, күн санап артқан халықты жер қалай асырамақ? Бұған саясат атты аяусыз ойын қосылады, сөйтіпақыр соңында үлкен хаосқа, әділетсіздікке әкеліп соқтырады. Жердің жетіспеуі, өмір сүруге қажетті ресурстардың жоқтығы адамдардың бір-біріне жауыздығын тудырады. Міне сонда адамдар тірі қалу жолында мораль және адамгершілік ұғымдарынан аттап өтеді.

— Сонда адамдарды қынадай қырып салуды жалғыз дұрыс жол дегіңіз келіп тұр ма? — деп Кайл Геб мырзаға үреймен қарады.

— Біз бұны тыныш әрі үздіксіз процесс ретінде жасаймыз. Күллі адам баласы бұл жобаға ежелден-ақ кіріп қойғанына ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Қалай түсіндірсем екен, біз  жанартау секілдіміз, Кайл мырза. Сөзсіз жанартаулар қарсы келгеннің бәрін талқандаушы, қиратқыш. Бірақ дәл осындай жерасты күштері болмаса, тыныс алуға қажетті атмосфера болмас еді, толқындар болмас еді, тіпті тіршілік те күйбеңінкөрсетпес еді.

— Бұлай ақталудың еш реті  жоқ, сіздер адам тағдырымен ойнап жатсыздар!

Дәл осы кезде Геб мырза үстел үстінде жатқан қағаздың «теріске шығару» деп жазылған бірінші жолын сызып тастады. Сөйтіп екінші жолға жазылған сөздің қасына нүкте қойды.

— Өзіне ұнамаған нәрсені дұрыс емес деп тану адамға тән қасиет қой. Сонда оған қарсы аргумент те оңай табыла қояды, солай ғой, Кайл мырза?

— Мен тек сіздердің неліктен өздеріңізді құтқарушы деп санайтындарыңызды түсінбедім, — деді Кайл.

— Онда елестете беріңіз, адам санының өсуі осылай жалғасып кете беретін болса жер тірі тамұқ болар еді. Біздің бұл ерен еңбегімізді адамдар әлбетте елемейді де. Адамзат өзіне жасаған жақсылықтың ешқашан қадіріне жете білмеген. Айталық, Коперник, Галилей, Брунолар алғашқылардың бірі болып адамзат игілігі үшін үлкен сенсация жасады. Жердің күнді айналатынын дәл тауып дәлелдеді. Ал діншілдер үшін бұл сайтанның сандырағындай естілді. Ұлы тұлғаны тірідей өртеді. Сондағы жасаған қайырымдылықтары осы ма?

— Олар түптің түбінде мойындалды ғой, адамзаттыңасыл перзенттері ретінде аттарын мәңгі өшірмей бүгінде қадір тұтады.

— Демек қателіктерін кеш түсінеді. Бұл дүниеде жағымды кейіпкерлердің рөлін барлығы таласып тартып алған, Кайл мырза, бізге енді тек жағымсызы қалды. Ал енді, сізге көшейік біз өзіміз жайлы баяндадық, қонақ турасында сұрайық,-деді Геб мырза.

 Дәл осы кезде ішке Альберт мырза кіріп келді де, Клинтон мырзаның қолына құжаттарды қыстырып, тез арада шығып кетті. Клинтон мырза дереу қолындағы мәліметтерді өз көзіне өзі сенбестей оқи бастады:

— Кайл мырза, 1974жылы дүниеге келген. Толық есімі — Қайрат. Ұлты–қазақ, Америкаға жұмыс сапарымен келген. Отбасында 4 адам, қан тобы 2, бұрын сотталмаған. Америкаға келмей жатып, Қазақстанда тәуелсіз журналист болған, билікке ұнамсыз пікір білдіргені үшін қудаланған...

 

Клинтон мырзаның даусы дірілдеп, үзік-үзік алыстан естілгендей әсер қалдырды. Құжатты толық оқып болған соң, қағаздан басын бәсең көтеріп, мойнын біресе Геб мырзаға, біресе Кайлға бұрды. Кішігірім орнаған үнсіздікті Геб мырза үзді:

— Солай деңіз, яғни қазақ журналисті. Қазақтардан бір ұлы тұлғаны білуші ем… Массон демекшісол заматта ұжымда алтын құрама болды: Джузеппе Верибальди — Италия азаттығы үшін күрескен, Симон Баливар —  Боливия азаттығы үшін, жас түріктерде — Ататүрікте массон болды, солардың қатарында «алаш» идеясын әкелуші данышпан — Әлихан Бөкейхан. Бұл тұлғамен әлі күнге дейін тамсанам да таңғала қараймын. Анығында жүз жылда бір туатын адам. Ал оның бүгінгі тұяғы, тума қандастары, сендер қандай күйдесіңдер? — деп Геб мырза Кайлды көзімен бір сүзіп өтті.

Кайл жауап қайтарған жоқ, себебі бұны риторикалық сұрақ деп қабылдады.

— Қайқы қылышының сермеуін бүкіл дала аңдыған, кешегі көшпелі түрік, арғыда ғаламат ғұн, сайыпқыран сақтар... Тынымсыз тулаған ат  дүбірімен мұқым Қытайды бір сәтте құлатып, қайта туғызған, Шыңғыс қағаннан қалған алтын тақ – Алтын Орда иегерлері. Жер жаһанның жарты әлемінің әміршісі атағының жолында белуардан қан кешіп, ағайын-бауырын кеңірдектен бауыздап, хан сарайын қан сасытып еді. Қаһарынан бүкіл ел сескенетін орда құрдыңдар, ұлы даланың жеті қыры тап бір сендерге ғана тиесілідей батыс пен солтүстікті шарлап кеттіңдер. Содан соң не…. Содан соң орданың басына көлеңкелі күндер түсті. Империалистік орыстың арбауына түскен соң шаңырағы шайқалды. Екі жарым ғасырдан астам бодауда болып, тарихтан есемізді алдық деп енді ес жинағалы жатқанда өз көрлеріңе өздерің баттыңдар! Ал 1937 жыл орны толмас ең қайғылы жыл болды… Ат жақсысын кермеден, ер жақсысын түрмеден көретін заман. Әлихан феноменіне қатты қайран болғам, оның идеялары кез-келген мемлекетті апаттан құтқарып алар еді. Дүниежүзінде өз  ықпалын жүргізе алатын АҚШ, НАТО, Қытай секілді Әлиханның да елі осы санатқа қосылатын ба еді… Сол кезде сенің елің не істеді? Не істеді сенің халқың?! Тұтас ұлттың интеллигенциялары құрбандыққа кетіп бара жатқанда, Бөкейхановты ату жазасына кескенде, бейшара дәрменсіздің күйін кешті сорлы ұлтың!! — жұдырығымен үстелді қойып қалды.

— Жаман ұлт болмайды Геб мырза! — Кайлдың маңдайынан суық тер бұрқ етті.

— Оларға тек тыныштық керек болды. Сормаңдайларды атып бітсін, бәрі тынышталсын, әйтеуір өздеріне тиіспесе болды деп ойлады. Ал қазір ше? Өз байлығыңды өзің игере алмай, өзіңді өзің тонап сайқымазақтың кейпінде жүрсің! — Бұл сөздерді Геб мырза ашына айтты. — Тек өткеніңмен ғана мақтана аласың. Ең бейшара халық қана өткенімен  ақталады, бүгінгімен өмір сүрмейді, ертеңгісін сараламайды.Маған айтыңызшы қандай ақымақ өз ұлтымен мақтана алады? Сен сол ұлттың өкілі болғаның үшін ештеңе де жарытып тындырған жоқсың, сонда несіне бөсіп бос кеудені ұруға құмар кей адамдар?! Сендерде тек «тарих» деген жетістік бар, оны қазбалап аша берген сайын өздерің де төменге қарай құлдырап бара жатқандарыңды байқамайсыңдар! Мен керісінше ұяттан жарылып кете жаздар едім, Әлихан шыққан ұлттанмын деп айтарға..

— Өшір үніңді! Ұлтымды бұлай қаралағаныңды тыңдап тұра алмаймын, сен ештеңені де білмейсің! — деп дүрсе қоя берді Кайл.

Осы арада Клинтон мырза кірерге тесік таппай, құдды айтылған сөздердің бәрі тек өзіне қатысты секілді долданып, Кайлдың иығынан шап бере ұстай алды:

— Жетер енді, Кайл. Сен өзіңді бұл жерде артық адаммын деп санамайсың ба?

— Ал сіз ше, Клинтон мырза, өзіңізді мына жер планетасында артық адаммын деп санамайсыз ба?! — деді Кайл жұлып алғандай.

Кенет Геб мырза бұл екеуіне қарап, көңілі жайлана күле бастады. Барлығы Геб мырзаға қарап қалған. Сөйтті де Геб мырза әлгіндегі қағазына бір шұқшия қарап алды да, «Ашу-ыза, агрессия стадиясы» деп жазылған екінші жолдағы сөзді үстінен бабымен асықпай шимайлады. Клинтон мырза бұған аңтарыла жанарын ала алмай тұр. Геб мырза бұл іс-әрекетті күнде істеп жүргендей ұқыпты, байсалды қимылдайды, әрі қағазға жазған тұжырымдары да дәлме-дәл келіп жатыр. Клинтон мырза ең маңыздысы осыған қайран қалды. Қағазды сызып болған соң, Геб мырза үшінші жолға «Депрессия стадиясы» деп жазды.Мойнындағы алғашқы түймесін ағытып, қырмызы галстугін шешті:

— Мен сізді профессор Шиллермен таныстырғым келеді, Кайл мырза. Ол өте жақсы адам. Біздің барлық жобамыз сол кісімен ақылдасып, келісудің нәтижесінде жүзеге асады. Білімінде шек жоқ, кейде есі ауысқан профессорлар сияқты өзін тоқтата алмай қалатындай бейне бір тылсым күш бойын баурап алғандай-тын. Адам өмірін қысқартудың мыңдаған тәсілін біледі сабазың!Егер оған салып, құзырына ерік бере қалсаң, бір аптаның ішінде-ақ адам санын азайтып береді. Бір қызығы, профессор Шиллер бар өмірін адам өмірін қысқартуға арнады. Ал өткен ғасырда Кант Росс есімді ғалым бүкіл ғұмырын адам өмірінің ұзаруына арнаған екен.. Екеуі де айтарлықтай толағай табысқа қол жеткізді. Бірақ мені қызықтыратыны: «бүгінде екеуі бір-бірімен кездесе қалса не айтар еді?!» — Геб мырза жас балаша жүзі бал-бұл жайнап кетті.

— Ықтималдылық теориясы,  — деп қысқа қайырды Кайл.

— Сол Шиллердің бастауымен біз «цитул-08» вирусын ойлап тауып, үлкен жоба жасадық. Оны өзіңіз де жақсы білесіз, оған сіздің де мемлекетіңіз өз үлесін қосты.

 Бір кезде Кайл көзі шарасынан шығып кетердей айрықша бір екпінмен алдыға, Геб мырзаға қарай ұмтыла жөнелді. Бірақ екі жуан оны тоқтатып үлгерді:

— Қарғыс атқыр нақұрыс!!! Жексұрын!!!Соның барлығы сенің кесіріңнен екен ғой!

Геб мырза бұған жайдары жымиды:

— «Жақсы сөз айт», «Бақара» сүресі, 83-аят. «Жұмсақ сөз сөйлеңдер» «Таһа» сүресі, 44-аят. «Ең жақсы сөз сөйлеңдер» «Исра» сүресі, 53-аят. Айтыңызшы, Кайл мырза, егер ауызданшыққан сөз соншалықты маңызды болмаса, қасиетті кітапта неге былай жазылған?!

 

— Ол небәрі он тоғыз жаста еді, — Кайлдың дауысы дірілдеп, тамағына өксік тығылғандай жыламсырай шықты. Содан соң жерге отыра қалып, бәкідей бүктеліп, екі қолымен бетін жабаегіліп жылай бастады. Сырттай қараған адамға бұл көрініс кішкентай баланың ренжіген бейнесі секілді біртүрлі қораш көрінетін, бірақ Кайл ағыл-тегіл жылап болған соң терең демала сөзін әрмен қарай жалғастырды: — Сондай ақылды еді, менің жалғыз қарындасым... Ақылына көркі сай... Адам жанын ажалдан аман сақтап қалатын дәрігер болсам деп армандаған еді… Қатты ауырды… біз оны қарашаның он төрті,жұма күні жерледік.

— Қайғыңызға ортақпын! — деді Геб мырза.

Қағаздағы барлық жол сызылып, соңғы жолға «Қабылдау стадиясы» деп жазылды.

— Адам психологиясында бір қызық нәрсе бар, ол өткенге деген іңкәрлік, өткенді аңсау яғни ләззат алу. Адамдар неге мейлі ол жағымсыз болсын, мейлі мұңды болсын сол бір ертеректе қалдырып кеткен балалық шағын аңсайды? Жылы жымиыссыз еске түсіру мүмкін емес. Себебі адамдарда бұрын мейірім бар еді. Ерте заманда әмірі қатал патшалар тақтағы билігін жалғайтын мұрагерлерін қатыгездікке баулыды. Көз алдарында адам қанын төкті. Өлімді көрсетті. Қаны үйренсін дегені. Ал қазір бәрі патша… Өз мүддесінің алдында қарсы алдындағы екінші адамның мұрат-мақсатын жерге таптап, жаныштап көзін құртуға бейім тұрады. Дегенмен, біз жүргізіп жатқан саясатты ірі мемлекет басшыларының өзі мақұлдап саналы түрде жүзеге асырып жатқанда, сізде бұны қабылдаудан басқа амал қалмайды, дұрыс қой?

Кайл ауыр күрсініп, болар-болмас ернін жыбырлатты:

— Қателесесіз, — деді. Содан кейін бойындағы бар күшін соңғы рет жинағандай болды:

— Бізадамдар — бір-бірімізге көмек қолын созамыз, себебі адам табиғатының жаратылысы солай. Сырттай ішкі жан дүниеміз тасболат қамал болып көрінгенімен, іште мейірбандық, жақсылық атаулыға деген құштарлық бұғып жатыр, тек соны оята білу керек. Біз мұң-қайғы, үмітсіздік шарлаған емес, шынайы бақытқа бөленген адамдардың арасында ғана өмір сүргіміз келеді. Бұл өмірде әр адамға орын табылады, жер-ана әрбір перзентін өз панасына алады. Біздің жүрек темір емес. Біздің жүректе күллі адамзатқа деген ізгі пәк махаббат бар! Сондықтан мен бұның бәрін қабылдамаймын, қабылдай алмаймын да!

— Иә, менің айтқандарым мен сіздің айтқаныңыз мүлде сәйкеспейді. Испандарда жақсы мақал бар «әркім жәрмеңкені өзінің тапқан затына қарап бағалайды».

— Кейде шындық біз ойлағандай қызық бола бермейді,  — деді Кайл.

Кайл осы сөзін аяқтап болған соң, екі жағына жармасқан жуандардың біреуі белінен тапаншаны суырып, бұның басына кезеді. Бірақ Кайл еш сасқан жоқ.

— Бұйрығыңызды күтіп тұрмын Геб мырза, — деді тапаншаны оқтап алып.

— Жоқ қажет емес,-деп қарсылық білдірді Геб мырза. — Кайл маған ұнады, жақсы жігіт екен. Дәл осы тапаншаға қарай қалсам, есіме Пушкиннің дуэлі орала қалады. Нағыз қырсықтық қой, келісесіз бе? Өз абыройының құрбаны Пушкин Дантесті дуэльге шақырғанда, қырсық шалып секунданттар кәдімгі оқты әлсіз нашар оқпен ауыстырып қояды екен. Оның үстіне Пушкин бірінші кезекті қарсыласына берді. Сөйтіп атылған әлсіз оқ Пушкиннің жамбас сүйегін тесіп ары өте алмай ақынға өлім алып келеді. Егер қарапайым қуатты оқ болса жамбас сүйегін тесіп өтіп, Пушкин аман қалады екен. Ал Пушкиннің атқан оғы Дантестің қолына тиіп, қырсық шалғанда темір түймесінен ары аса алмай қояды. Дәл осы сәтті басқа оқтармен есептеп қарасақ, онда сол сәтте-ақ Дантестің       ішек-қарны ақтарылып, жаны жаһаннамнан бір-ақ шығатын көрінеді. Бүгін сондай күндердің бірі деп ойларсыз, Кайл мырза. Қырсық шалғанда бүгін менің көңіл-күйім керемет болып тұр. Анығында бұл жиналысқа қастысқан артық адам қарапайым күйбең тіршілікке қайта оралмайтын. Бірақ мен тек сіз үшін ғана бұл қағидамнан бүгін бас тартамын. Қонақты шығарып салыңдар, және оған саусақтарыңның ұшын да тигізуші болмаңдар! — деп ескертті Геб мырза.

Кайл есіктен шығып бара жатқан кезде Геб мырзаға қарай дауыстай жөнелді:

— Иә, әркім жәрмеңкені өзінің тапқан затына қарап бағалайды. Бірақ сіз дұрыс іздемегенсіз!! — деп айқайлады.

Геб мырзаның төбесінен мұздай суды бұрқ етіп, құя салғандай селк ете қалды. Көпке дейін өз орнынан тапжылмастан үнсіз ұзақ отырды. Клинтон мырза бағанадан бері бұдан кешірім сұрап әлек, бірақ Геб мырза құдды бір елестер шұбырып жүргендей жан-жағындағыларды елеген де жоқ. Тек алдындағы соңғы жолы сызылмай қалған ақ қағазға үңілумен болды. Сәл кідірістен соң, жиналысты аяқтап, үйіне қарай асықты. Ішінен белгісіз сезімдер оны тығырыққа тіреп, жол бойы шөл қысып келді. Басына қаны шауып, мазасы кетіп, әбден құты қашты. Жүрегі айнып, өзінен-өзі жиіркенді. Көліктің артында отырғанда есеңгіреп, қайда келе жатқанын да анықтай алмады, тек өзінің қозғалыста екенін білді. Біраз уақыт өткен соң, терезенің сыртындағы керемет көрініске куә болды. Көкжиектен батқан күннің алқызыл түске боянған шапағын көрді. Аспанның бір бөлігі қып-қызыл түске еніп, көздің жауын алады. Терістік тұсы сарғыш келген, айналасына мамық бұлттардың өзі таң қалысып қарайтындай топтасып алған. Геб мырза күннің батуын алғаш көріп тұрғандай, ерекше бір ләззатпен, сүйінішпенқарады. Бұрын соңды жаратқанның кереметіне дәл осылай қарап көрмеген шығар. Қос жанарын бір сәтке де алаңдатпай, қараумен болды.

Қаланың сыртындағыжекежайына жеткен соң, бірден өз кабинетіне қамалып алды. Қызметшілері асқа шақырып еді, алғысын білдіріп бас тартты.Кабинетінің дәл орта тұсында үлкен жұмыс үстелі орналасқан. Ал оның артында үйдің тамаша бақшасына қарайтын ғажап көріністі үлкен терезе бар. Терезе әйнегі жалтыратып жуылған, бір көрген адамға терезе екенін аңғармай үстел артында далаға шығатын тұтас бос қабырға бар секілді көрінеді. Геб мырза былғары креслосына отырып, үстелдің жоғарғы тартпасынан бір құралын алды. Және екінші тартпадан аппақ сүлгіні алып, сол құралды жақсылап тазалай бастады. Бұл револьвер болатын. Содан соң ол қолындағы револьверімен сөйлесе бастады: «Кел, сені тазалап қояйын, мына сиқың не, біреу-міреу көріп қойса ұят емес пе? Жоқ бұның жарамас!» Оның қолдары револьверді бәсең сүртіп бастаған еді, артынан екпіні күшейіп шапшаңдай бастады. Револьвер әп-сәтте жарқырап шыға келді. «Міне енді дұрыс болды» деп күбірледі Геб мырза. Содан соң сол қолымен сүлгіні алған жеріне қайта қойып, револьверді оң қолымен үстелдің қақ ортасына орналастырды. Қарудың ұңғысын өзіне қарата қойды. Сөйтіп біраз уақыт револьверге телміріп отырды. Бұл уақытта қараңғылық қоюланып қалған кез еді. Кенет Геб мырза біреуге ашуланғандай револьверді қағып алды. Орнынан атып тұрды да револьверді жүрек тұсына қарай тақады:

— Коперник, Бруно мен сендерге келе жатырмын… — деп сыбырлады.

Шүріппе шырт ете қалуға шақ тұр… Терезеден бөлменің ішіне қарай  сұлу ай сәулесі ұрлана кірді.

Нұрасыл Зиядабек

Нұрасыл Зиядабек — жазушы. «Айтұмар» республикалық әдеби конкурсының жүлдегері.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon